Бизнес ашуға мүмкіндік берген алғашқы миллион

Қарағанды жастары бір-бір бизнес ашып, өздерін жаңа қырдан таныды.

Қазақстандық жастар қазан айында бастау алған Zhas project шағын гранттар конкурсына қатысып, өз бақтарын сынаған еді. Қарашада конкурс нәтижесі шығып, әр өңір бойынша жеңімпаздардың есімі анықталған. Енді міне, араға бір айдан астам уақыт өте белсенді жастардың жобалары іске асып, алғашқы нәтижелерін беруде. Айта кетейік, бұл жобаға тек жұмыссыз жүрген жастар қатысты.

Облыс бойынша 14 жоба үздік атанып, мемлекет тарапынан әр жобаға 1 миллион теңге үлестірілген болатын. Жобалар өңірдің қажеттілігіне сай, өзектілігі мен бизнес идеяның өміршеңдігі ескеріліп таңдалған. Үздік деп танылған жобалардың қатарында: микроөскін өсірумен айналысуды мақсат тұтқан сити-ферма, қоғамның цифрлық сауаттылық деңгейін көтеруді көздейтін «Digital Temirtau», ерекше балаларды жаттықтыруда қолданатын жабдықтарды тігу қызметі, осал топқа жататын азаматтарға азық-түлікпен көмек, осал топтарға тегін қызмет ететін дөңгелек жөндеу орталығы, балаларға арналған бояғыш шығармашылық өнімдер және т.б.

Дұрыс тамақтануға аса мән беретін Азанбай Мөлдір – Қарағанды облысы бойынша Zhas project шағын гранттар конкурсының жеңімпаздарының бірі. Халық арасында дұрыс тамақтанудың маңыздылығын түсіндіруді көздейтін бұл жоба аясында 100-ден аса мектеп оқушысына микроөскін дегеніміз не, оның адам ағзасына берер пайдасы, оларды үй жағдайында өсіру жайлы пайдалы тегін семинарлар жүргізіліп, осал топтағы зейнеткерлерге экокорзина таратылды.

Экоөнімдермен қатар, нутрициологтар ұсынған дұрыс тамақтану бойынша рецепттермен бөлісіп, пайдалы ақпарға қанық қылды. Болашақта Мөлдір дұрыс тамақтануға қажетті экоөнімдер шығаратын үлкен орталық ашуды көздейді.

Zhas project шағын гранттар конкурсында үздік атанып, сәтті жүзеге асқан жобалардың бірі – қоғамның цифрлық сауаттылық деңгейін көтеруді көздейтін «Digital Temirtau» жобасы. Жоба авторы Әли Балжанның пікірінше, цифрлық сауаттылық қоғамда орын алған жұмыссыздық деңгейін төмендететін және экономикалық инклюзияға ықпал ететін онлайн жұмыс мүмкіндіктері мен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігін кеңейте түседі.
«Digital Temirtau» жобасы аясында жұмыссыз әйелдерге, көпбалалы отбасы мүшелеріне және жұмыссыз жастарға тегін бірқатар семинар, онлайн оқыту модульдері жүргізілді. Е-gov электронды үкімет порталының мүмкіндіктері толық таныстырылып, қалай жұмыс істеу керектігі жөнінде ақпарат берілді. Қоғамның цифрлық сауаттылығы артса, тұрғындардың өмірі жайлы болмақ, адам үйден шықпай-ақ өзіне қажетті құжаттарды ноутбук немесе телефон арқылы да ала бермек. Ал бұндай түсіндірмелі жұмыстар мемлекет тарапынан осы салада атқарылып жатқан үлкен істердің өміршеңдігін қамтамасыз етуге атсалысады.

Қарағандылық жастарды толғандыратын мәселелердің бірі – ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар жайы. Олай деуіміздің себебі өңірде осы тақырыпқа байланысты екі жоба конкурс нәтижесі бойынша үздік атанып, жүзеге асуына 1 миллион теңгеден қаржыландырылды. Соның бірі ерекше балаларды жаттықтыруда қолданатын жабдықтарды тігу қызметі болса, екіншісі ерекше балаларға арналған ойын кабинеті.
Жоба барысында балалардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары өткізіліп, балаларға жаттықтыру кезінде қолданылатын жабдықтар, түрлі арнайы желеттер тегін берілді. Ал Қарқаралы қаласында ерекше балаларға арналған ойын кабинеті ұсақ моториканы дамытуға, зейіндерін шоғырландыруға арналған дамытушы ойыншықтар, дидактикалық материалдармен және жеңіл түрлі спорттық ойындардың ойыншықтарымен қамтамасыз етіліп, оқу процесі кезінде үнемі осы жабдықтарды қолдануға мүмкіндік туды.

Бұл биыл Қарағанды өңірінде Zhas project шағын гранттар конкурсы аясында іске асып жатқан жобалардың бірнешеуі. Жастардан әлеуметтік жағдайды жақстаруға арналған үздік жабалар мен мемлекет тарапынан берілген қолдау біраз маңызды мәселелерді шешуге сеп болуда.

Scroll to Top